18.05.2026
ОБЛЫСТЫҚ «ҮЗДІК ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГ – 2026» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Әлеуметтік педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, шығармашылық әлеуетін дамыту және білім беру жүйесіндегі әлеуметтік қызметтің мәртебесін көтеру мақсатында «Үздік әлеуметтік педагог – 2026» облыстық байқауы өтті. Байқауға Ақмола облысының білім беру ұйымдарының аудандық және қалалық кезеңдерінің жеңімпаздары атанған 17 әлеуметтік педагог қатысты.
Атбасар ауданының намысын аудандық кезеңнің жеңімпазы – «Атбасар ауданы бойынша білім бөліміне қарасты №5 жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің әлеуметтік педагогі Шагизиганова Юлия Валерьевна лайықты қорғады.
Байқау барысында Юлия Валерьевна «Сенім аумағы: эмоционалдық сауаттылықты дамыту арқылы білім алушылар үшін қауіпсіз және қолдаушы орта қалыптастыру» атты әлеуметтік-педагогикалық жобасын таныстырды.
Жоба мектепте қауіпсіз әрі сенімді орта қалыптастыруға, буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға, білім алушылардың эмоционалдық интеллектісін және сыйластыққа негізделген қарым-қатынас мәдениетін дамытуға бағытталған.
Өз сөзінде қатысушы қазіргі заманғы баланың тек оқу қиындықтарымен ғана емес, сонымен қатар эмоционалдық күйзелістермен, ұжымдағы қақтығыстармен және цифрлық ортадағы қарым-қатынас мәселелерімен де бетпе-бет келетінін атап өтті. Сондықтан әрбір бала өзін қолдаулы, қабылданған және құрметтелген сезінетін эмоционалдық қауіпсіз кеңістікті қалыптастыру ерекше маңызға ие.
«Сенім аумағы» жобасы кешенді сипатқа ие және диагностикалық, профилактикалық, дамытушылық және тәрбиелік бағыттарды қамтиды. Жобаны іске асыру барысында білім алушылардың интернетке тәуелділік деңгейіне зерттеу жүргізіліп, сынып ұжымдарындағы тұлғааралық қарым-қатынастар зерделенді. Алынған нәтижелер жалпы ахуалдың қолайлы екенін көрсеткенімен, одан әрі профилактикалық жұмысты қажет ететін жекелеген тәуекел аймақтарын анықтауға мүмкіндік берді.
Жоба аясында буллингтің алдын алу мен қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Әлеуметтік педагог тарапынан «Қауіпсіз интернет», «Буллинг және оның түрлері», «Мектеп өмірінің заңдары» тақырыптарында бейбіт жолмен жанжалдарды шешу және сыйластыққа негізделген қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған тақырыптық әңгімелер ұйымдастырылды.
Тәрбиелік жұмыс аясында тәжірибеге бағытталған іс-шаралар өткізілді: «Жақсы істер» акциясы барысында білім алушылар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау сөздерін дайындады, сондай-ақ достық, өзара құрмет пен толеранттылық құндылықтарына арналған «Агрессиясыз әлем» бейнеролигі әзірленді.
Сонымен қатар жоба аясында білім алушылардың эмоционалдық сауаттылығын дамытуға арналған диагностикалық материалдарды, профилактикалық әңгімелерді, дамытушылық жаттығулар мен интерактивті тапсырмаларды қамтитын «Сенім аумағы» әдістемелік құралы әзірленді.
Облыстық байқауға қатысу әлеуметтік-педагогикалық жұмыстың практикалық тәжірибесін, буллинг пен кибербуллингтің алдын алудағы заманауи тәсілдерді, сондай-ақ эмоционалдық тұрғыдан қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырудың маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік берді.
Облыстық байқау қорытындысы және сараптамалық комиссияның шешімі бойынша Шагизиганова Юлия Валерьевна II дәрежелі дипломмен және 60 000 теңге көлеміндегі ақшалай сертификатпен марапатталды.
Бүгінде әлеуметтік педагогтердің қызметі білім беру жүйесінде ерекше рөл атқарады, өйткені дәл осы мамандар әрбір баланың табысты дамуы мен әлеуметтенуіне ықпал ететін қауіпсіз, қолдаушы және психологиялық тұрғыдан қолайлы орта қалыптастыруға көмектеседі.
Мотузкова О.С. - әлеуметтік педагогтардың
жұмысына жетекшілік ететін инклюзивті
білім беру әдіскері









