22.12.2021
Бүгін, Нұр-Сұлтан қаласы Л. Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында Білім және ғылым министрлігі мен Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық Білім академиясының ұйымдастыруымен "Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас" атты республикалық съезі өтті. Съезге еліміздің барлық өңіріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің шебер педагогтары мен зерттеуші педагогтары қатынасты. Ақмола облысының аудандарынан да пән мұғалімдерінен құралған делегаттар қатысты. Делегацияны Қаскеева Ләззат Байсеркеқызы бастап барды.
Делегация құрамында Атбасар ауданы N8 орта мектебінің мұғалімі Қазымбек Индира Қуанышбайқызы болды. Съезде қазақ тілі мен әдебиеті пәніне байланысты өзекті мәселелері қозғалды. Атап айтсақ, қазіргі оқулықтардағы олқылықтар, оқыту теориясы мен әдістемесі туралы мәселелер қозғалды. Мінберден сөйлеген баяндамамашылар аталмыш тақырыптағы өз ойларын ортаға салды. Мұғалімдердің де көзқарастары тыңдалды, ұйымдастырушы тарап олардың пікірлерін түртіп алып, болашақ оқулықтар мен әдістемелерге және бағдарламаларға кіргізетінін жеткізді. Ұлттық тіл мен әдебиеттің мәселелерін шешудің тиімді жолдары мен жаңа көзқарастары қызу талқыға түсті. Білім министрі Асхат Қанатұлының регламенттен тыс ұйымдастырған сұрақ-жауабы мен пән мұғалімінің көкейіндегі сұрақтарын тыңдауы іс шараны аша түсті. Қорытынды бөлімде әр сұраққа жеке тоқталып, шешуін табу үшін қандай жұмыстар жүргізілетінін де атап өтті.
Аталмыш іс шараны ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз!