10.06.2026
2026 жылғы 10 маусымда Атбасар қаласында Атбасар ауданының білім беру жүйесіндегі маңызды оқиғалардың бірі – XVIII аудандық үздіктер слеті өтті. Биылғы салтанатты шараға ауданның 31 мектебінен 1047 оқушы қатысып, оқу үлгерімі, қоғамдық қызметі, шығармашылық және спорт салаларындағы жоғары жетістіктері үшін құрметке ие болды. Мерекелік іс-шаралар үш лекпен – сағат 10:00-де, 12:00-де және 14:00-де ұйымдастырылып, барлық қатысушыларды құттықтауға және ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлауға мүмкіндік берді. Үздік оқушыларды, олардың ата-аналары мен ұстаздарын Атбасар ауданы білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Л.К. Мұрзахметова құттықтады. Ол оқушылардың білімге деген құштарлығы, мақсаткерлігі мен еңбекқорлығына ризашылығын білдіріп, жетістіктің негізінде ұстаздардың кәсіби еңбегі, ата-аналардың қолдауы және балалардың табанды еңбегі жатқанын атап өтті. Ауданның үздік оқушыларын құттықтауға Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Б. С. Махметов, Атбасар қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ә. А. Керейбаев және Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Ж. А. Салыбеков қатысты. Мерекеге білім саласының ардагерлері мен зейнеткерлерінің қатысуы ерекше мән берді. құрметті қонақтар ретінде Ү. Мұрат , Л. В. Дюбкина , Т. Ф. Сахнова қатысты, К. М. Ибраева мен Б. М. Ундубаева қатысып, жас ұрпаққа ізгі тілектері мен ақ баталарын арнады. Олардың көпжылдық еңбегі, ұстаздық жолдағы адалдығы және ауданның білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге болып табылады. Шара барысында сөз сөйлеген қонақтар сапалы білімнің ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтіп, бүгінгі үздік оқушылар ертең Қазақстанның дамуына өз үлесін қосатын білікті мамандар мен саналы азаматтар болатынына сенім білдірді. Слет аясында қатысушылар үшін мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, үздік жетістіктерімен ерекшеленген оқушыларға жылы лебіздер айтылып, құрмет көрсетілді. XVIII аудандық үздіктер слеті Атбасар ауданында білімді, талантты, белсенді және мақсатшыл жастардың өсіп келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Олар болашақта елдің өркендеуіне үлес қосып, биік белестерді бағындыратыны сөзсіз.
