27.04.2026
20–26 сәуір аралығында ауданда «Жақсылық марафоны» акциясы аясында адамдарға, жануарларға және табиғатқа қамқорлық танытуға, еріктілік белсенділікті дамытуға бағытталған «Көктемгі жақсылық апталығы» өтті. Бұл бастамаға Атбасар ауданының 31 мектебі қатысып, барлығы 30-дан астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Олардың барлығы жақсылық, өзара көмек және экологиялық жауапкершілік идеясына негізделді. Апта барысында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге ерекше назар аударылды. «Ізгілік толқыны» республикалық челленджі аясында мектептерде экожүйе, қоршаған ортаны қорғау және табиғатқа ұқыпты қарау тақырыптарында сынып сағаттары мен сабақтар өткізілді. Оқушылар экожүйе ұғымымен, оның адам өміріндегі маңызымен танысып, өзекті экологиялық мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады. Іс-шаралардың практикалық бөлігінде аумақтарды абаттандыру бойынша сенбіліктер өткізілді. Атап айтқанда, 24 сәуір күні «Таза Қазақстан» акциясы аясында оқушылар мен мұғалімдер мектеп ауласын тазалауға белсенді қатысты: аумақты қоқыстан тазалап, құрғақ жапырақтар мен бұтақтарды жинап, гүлзарларды ретке келтірді. Жұмыс ұйымшылдықпен және көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен құрметті қалыптастыруға ықпал етті. Тірі табиғатқа қамқорлық та маңызды бағыттардың бірі болды. Оқушылар Халықаралық құстар күніне орай ұйымдастырылған акцияларға қатысып, жемсалғыштар мен ұялар жасап, оларды мектеп аумағына ілді, өз өңіріндегі құстар түрлерін және олардың экожүйедегі рөлін зерттеді. Сонымен қатар, экологиялық ойлауды дамытуға бағытталған зерттеу жобалары, викториналар және танымдық сабақтар өткізілді. Жануарларға гумандық қарым-қатынас тақырыбы да назардан тыс қалмады. «Ізгілік толқыны #QamqorBol» челленджі аясында жануарлар паналарына көмек жинау ұйымдастырылып, «Жануарлар тілі» және олардың мінез-құлық ерекшеліктері тақырыбында сынып сағаттары өткізілді. Сонымен қатар, оқушылар адамдарға да қамқорлық көрсетті: еріктілер қарт тұрғындарға көмектесіп, аула тазалау жұмыстарына қатысып, әлеуметтік акциялар мен қайырымды бастамаларға атсалысты. Абаттандыруға қосылған маңызды үлестің бірі – жоғары сынып оқушыларының көшет отырғызуға қатысуы болды. Бұл мектеп аумақтарын көркейтіп қана қоймай, азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етті. Өткізілген іс-шаралар тіпті шағын ғана игі істердің өзі адамдарды біріктіріп, қоршаған ортаны сақтауға, қоғамды дамытуға және жас ұрпақтың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға үлес қоса алатынын көрсетті.






