Адамның бойындағы қабілет пен қажыр – табысқа апарар қос қанат десек, Ардагерқызы Айым – сол қасиеттерді үйлестіре білген ерекше түлек . Атбасар қаласындағы №7 жалпы орта білім беретін мектептің «Алтын белгі» иегері ретінде ол өзінің алғырлығымен де, өнерпаздығымен де көпшілікті тәнті еткен мектебіміздің мақтанышы. Айымның жетістіктері тек бір салада емес, сан қырлы бағытта дамығанын көрсетеді. Вокал жанры бойынша «Абайдың асыл мұрасы» республикалық байқауында өнер көрсетіп, кәсіби деңгейде жоғары баға алуы – оның өнерге деген сүйіспеншілігінің айғағы. Бұл жеңіс – шынайы дарыны мен сахнада өзін еркін ұстай білетін қабілетінің жемісі. Аудандық «Жас толқын – Молодая волна – 2020» эстрадалық ән байқауында І орын, «Ақберен» байқауында көркемсөз оқу бойынша жүлдегері, «Абай оқулары» байқауындағы үздік орындауы – мұның бәрі Айымның шығармашылық қарымының кең екенінің айғағы. Ол білім мен ғылымнан да шет қалмаған. Республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде «Химия» пәнінен ІІІ орын алып, ғылыми ізденімпаздығын дәлелдеді. Сонымен қатар, үстел теннисінен аудандық жарыстарда ІІ орын иеленіп, дене дайындығы мен тәртіптілігін көрсетті. Ардагерқызы Айым – шынайы жан-жақтылықтың үлгісі. Ол өз бойындағы табиғи дарын мен табанды еңбекті үйлестіре білген, жарқын болашаққа сенімді қадам басып келе жатқан ізденімпаз тұлға. Алда оны әлі талай асу, биік белестер күтіп тұрғаны сөзсіз.